Жарты саусақсыз қалды: Павлодарда балабақша басшысы мен тәрбиешіге сөгіс берілді
Қаладағы балабақшалардың бірінде болған жағдай туралы зардап шеккен баланың анасы әлеуметтік желіде жариялаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Әйел адамның айтуынша, тәрбиешінің көмекшісі балалар серуеннен кейін балабақшаға кіріп келе жатқан кезде есікті ашып, ұстап тұрған, қыз бала табалдырықты аттаған кезде есікті жіберіп қалған. Салдарынан баланың саусағының жартысы кесіліп қалған. Жедел жәрдем шақырып, облыстық балалар ауруханасына жеткізген. Сол жерде саусағын тігіп берген, алайда ол қарайып, бітіп кетпеген соң саусағының жартысынан көбіне ампутация жасаған.
– Бала күйзеліске түсті. Саусағын бинтсіз көрген кезде жылайды. Балабақшада Екатеринбургте саусақты өсіруге болатынын айтады, дегенмен мұндай ота 15 жастан бастап жасалатынын білдім. 15 жасқа дейін Мәскеуде протез қоюға болады, дегенмен бала өсіп отыратындықтан, жыл сайын ауыстыру қажет болады, – деп жазады хаттың авторы.
Оқиға орын алған балабақшаның мәліметі бойынша, сол күні тәрбиешінің көмекшісі балалармен бірге балабақша ғимаратына бірінші болып кіріп, есікті ұстап тұрып, балаларды кіргізіп тұрған. Бірнеше бала топқа қарама-қарсы жағына жүгірген, сол кезде ол есікті жібере салып, олардың артынан жүгірген сәтте жазатайым оқиға болған. Құқық қорғау органдарына барлық бейнематериалдар ұсынылған. Қыздың анасына өтініші бойынша видео көрсетілген, бірақ ол видеоны жүктеуді сұрамаған.
Мекеме басшысы бүлдіршіннің емделуі үшін ақысын төлеуді ұсынған. Ата-аналар бастапқы сомасы 4 миллион теңге жайлы айтқан және бұл сома жыл сайын белгісіз сомаға дейін өседі. Басшылық бұл ұсынысты қарастыруға уәде берген.
– Интернеттегі көптеген медициналық сайттар қаралды, Екатеринбургтегі клиникаларды тауып алдық (олар саусақтардың фалангтарын жасайды) және операцияның құны өте қолайлы, бұл ата-анасына ұнамады. Нәтижесінде балабақша басшысы баланың ата-анасына прокуратураға барып, бәрін заңды түрде шешуді ұсынды. Содан кейін анасы интернетке жариялау үшін видеоны талап еткен, – дейді балабақшада.
Қалалық білім беру бөлімінде бұл жағдайға қатысты мектепке дейінгі білім беру ұйымының басшысынан, тәрбиешіден түсініктеме алынғанын, бейнебақылау камералары қаралғанын хабарлады.
– Солтүстік полиция бөлімі жедел тергеу іс-шараларын жүргізуде. Аталған фактіге жол бергені үшін балабақша басшысына сөгіс түрінде, тәрбиешіге қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жаза жарияланды. Бұл мәселе білім беру бөлімінің бақылауында. Барлық материалдар құқық қорғау органдарына тапсырылды, – дейді ведомствода.
Облыстық полиция департаментінде аталған факті бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.