65 жылдық жаулық: Павлодарда орта ғасырда киген бас киімдердің дефилесі өтті

65 жылдық жаулық: Павлодарда орта ғасырда киген бас киімдердің дефилесі өтті

Жүзден астам әйел мен қыз-келіншек қазақтың ру, тайпа, жүздердің тақия-бөріктерін киіп шықты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Естай атындағы мәдениет сарайында «Үкілі тақия, киелі кемешек» атты дефиле-көрмесіөтті. Іс-шараны «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестіктің облыстық филиалы ұйымдастырды. Оған Баянауыл, Тереңкөл аудандары, Ақсу, Павлодар қалалары мен Кенжекөл, Атамекен кенттерінен жүзден аса қыз-келіншек пен ақ жаулықты ана қатысты. Дефиледе паш етілген 22 кимешекті тігіп, тақия мен сәукелені безендіріп жүрген шебер Гүлайым Акумбаева «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінде шебер қол аналарға жетекшіліп етіп, өз тәжірибесімен бөлісуде.

Дефиледе кішкентай кезден бастап киетін тақия мен әжелердің кимешегін көруге болады. Сырға тағар қыз әшекейленген тақия киетін. Содан кейін бой жеткенде бөрік тағатын. Күйеуге тиіп, тұрмыс құрғанда сәукелемен үйден ұзатылады. Апалар жаңа шаңыраққа түскен келінге қасиетті орамал тағады. Ал хандар мен сұлтандардың әйелдері қымбат қасаба киетін. Олар алтын тастармен көмкеріледі, – деді Гүлайым Акумбаева.


Дефиленің көркіне айналған кимешектер ерекше назарға түсті. Олар ұзындығы, қалыңдығы, түсі, түрі мен киінген ғасырларға қарай бөлінді.

Әйел бірінші бала туғанда ауылда дастархан жайылып, үлкен той өткізілетін. Әжелер жиналып, ана атанып жатқан әйелге кимешек кигізеді. Олар түсі бойынша түрленеді. Жас әйелдер – қызыл, орта жастағылар – сары, ал жасы келген әжелер – ақ кимешек киген,– деді Гүлайым Акумбаева.

Кимешектерді тіккен шебер тігіншілікпен бір жыл бұрын айналыса бастады. Анасы Гүлайымды қолөнершілікпен кішкентай кезінде таныстырған.

Осы көрмеге дайындалу барысында ескі фильм көріп, кітапханалардан іздеп, әжелермен әңгімелестім. Бұрынғы, орта ғасырларда киіп жүрген бас киімдердің эскиздерін қағазға түсіріп, кимешектер тіктім. Дефиледе керей, арғын, дулат, үйсіндер киген кимешектер көрсетілді,– деді Гүлайым Акумбаева.


Ал Атамекен кентінен арнайы келіп, 65 жыл сандықта жатқан жаулықты киіп шыққан 77 жастағы Күлжамиля Мурзатаева көрмеге қатысқанына өте қуанышты.

Басымдағы жаулық анамның мұрасы. Ол 65 жыл абдырамда жатқан болатын. Халқыма жаулығымды көрсетейін деп шештім,– деді әже.


Айта кетейік, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестіктің облыстық филиалының төрайымы Айжан Апсаттарованың сөзінше, бұл бірлестіктің үшінші шарасы.

Қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын насихаттау және бұрынғы әжелер мен аналар киіп жүрген әдемі кимешектерін көрсету мен паш ету мақсат болды,– деді ол.

Оның айтуынша, «Үкілі тақия, киелі кемешек» сияқты дефилені облыстық деңгейде ғана емес, республика бойынша өткізу керек.