Аққулы ауданында самбошы зейнеткер әлем чемпионатына жолдама алды
Төлеген Пішенбайұлы Шакарманов биыл 66 жасқа толады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жуырда Маңғыстау облысының Ақтау қаласы «Халық арена» спорт кешенінде самбодан жасөспірімдер, жастар, кадеттер және шеберлер арасында өткен Азия және Океания чемпионатында бақ сынады. Оған әлемнің 27 елінен 500-ге жуық спортшысы қатысты.
Бес күн ішінде спортшылар 62 салмақ дәрежесінде бақ сынады. Аталған жарыста шеберлер арасында Қазақстан Республикасының намысын қорғаған Төлеген Шакарманов 64 келі салмақ дәрежесінде екінші орынды иеленіп, күміс жүлдегер атанды. Сонымен қатар Әлем чемпионатының лицензиясына ие болды.
– Он сегіз жасымнан бастап самбомен шұғылданамын. Жалпы, спорт сананы сергітіп, салауатты өмір салтын сақтауға көмектеседі. Биыл бірнеше ауқымды жарысқа қатыстым. Түркістанда наурызда өткен Қазақстан чемпионатында күміс жүлде алған едім. Сәуір айында Астанада өткен турнирдің Бас жүлдесін жеңіп алдым. Жарысқа Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан елдерінің спортшылары қатысты, – дейді ол.
Төлеген Шакарманов Аққулы ауданында орман және ауыл шаруашылығы саласында бас мал дәрігері, орманшы, «Ертіс орманы» резерватында директор болып еңбек еткен. Зейнеткерлікке дейін Шақа ауылдық округінде әкім болған.
Бүгінгі таңда спортшы биыл қараша айында Тәжікстанда өтетін жарыста ел намысын қорғауға дайындалып жатыр.