ИнЕУ-де алғаш рет «INEU CUP» үстел теннисінен турнир өтті

ИнЕУ-де алғаш рет «INEU CUP» үстел теннисінен турнир өтті
Фото: Ұйымдастырушылардан

Жарыс университеттің мерейтойлық бағдарламасы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«INEU CUP» үстел теннисінің турниріне ИнЕУ-дің екі колледжінен, оның ішінде Екібастұз қаласынан келген өкілдерді қоса алғанда 60-тан астам студент қатысып, спорттық шеберліктерін сынға салды. Мерейтойлық датаға орай ұйымдастырылған шара жастар арасында спорт пен белсенді өмір салтын насихаттауға, сондай-ақ студенттік қауымдастықтың өзара байланысын нығайтуға бағытталған.

– Студенттердің білім беру саласында ғана емес, жан-жақты дамуы маңызды. Біз олардың спортпен шұғылдануға, қоғамдық өмірге белсенді араласуға және әртүрлі бағытта өз қабілеттерін жүзеге асыруға деген ұмтылыстарын қолдаймыз. Бүгінгі турнир – жастарды ортақ құндылықтар төңірегіне біріктіріп, салауатты өмір салты университеттік ортаның маңызды бөлігі екенін көрсетудің жақсы мүмкіндігі, – деді ИнЕУ-дің даму және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Ольга Андрющенко.

Үстел теннисі додасында қатысушылар шеберліктерін, төзімділігі мен спорттық мінезін көрсетті. Достық көңіл күйге қарамастан, жүлделі орындар үшін бәсеке тартысты өтті. Әр қатысушы үздік нәтиже көрсетуге ұмтылды.

– Университетімізде осындай турнирдің ұйымдастырылғанына өте қуаныштымын. Бұл студенттер үшін тек жарысып қана қоймай, өзара араласып, ИнЕУ-дің басқа бөлімдеріндегі жастармен танысуға жақсы мүмкіндік. Барлық қатысушыларға сәттілік пен жаңа жеңістер тілеймін, – деді студент Анастасия Омельницкая.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубоктар, медальдар, дипломдар және бағалы сыйлықтар табысталды. Турнирдің жалпы жүлде қоры 100 мың теңгені құрады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «INEU CUP» университеттің мерейтойлық жылына арналған іс-шаралардың біріне айналады. Жыл бойы оқу орнында білім беру, мәдениет және спорт бағыттары бойынша бірқатар жоба жүзеге асырылады.

Айта кетелік, мерейтойлық бағдарламаны желтоқсан айында өтетін гала-форум қорытындылайды. Оған университет өкілдері, студенттер, ардагерлер және университет қауымдастығының өзге де мүшелері қатысады деп жоспарлануда. Шара барысында ИнЕУ-дің 35 жылдық тарихы қорытындыланып, оқу орнының алдағы даму бағыттары айқындалады.