«Ертістің» тізгіні келесі бір жаттықтырушыға сеніп тапсырылды

«Ертістің» тізгіні келесі бір жаттықтырушыға сеніп тапсырылды
Фото: «Ертіс» ФК

Өзгеріс бұл жолы да найзағайдай жылдам болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Екі айға да жетпейтін уақыт бұрын ғана белорус маманы Кирилл Альшевскийдің орнына қазақстандық футболдың танымал тұлғасы Нұрбол Жұмасқалиев келген еді. Ол клуб қайта жанданғалы бері «Ертісті» басқарған алтыншы бас бапкер атанды. Алайда бұл аралықта команда турнирлік кестедегі құлдырауын тоқтата алмады.

Бұған дейін «Тобылды» жаттықтырған Нұрбол Жұмасқалиев беларусьтік бапкерлер штабымен қоштасу туралы хабарланған бойда қызметіне кірісті. Алғашында клуб бас бапкердің міндетін уақытша павлодарлық жас маман Валерий Белгібаев атқарады деп мәлімдеген болатын. Жаңа бапкердің алғашқы ойынында «Ертіс» «Елімаймен» тартысты тең түскенімен, жанкүйер күткен серпіліс байқалмады. Нұрбол Жәрдемұлының жетекшілігімен павлодарлықтар алты матч өткізіп, бірде-бір жеңіске жете алмады. Оның төртеуі тең аяқталды.

Өз алаңындағы «Қайсардан» жеңіліс клуб пен облыс басшылығының шыдамын тауысты. Көп ұзамай клубтың ресми парақшасында Нұрбол Жұмасқалиев пен оның жаттықтырушылар штабына атқарған еңбегі мен кәсібилігі үшін алғыс айтылды.

Арада екі сағат өтпей жатып сол ресми парақшада жаңа бас бапкердің есімі жарияланды. Енді «Ертісті» Марат Еслямов жаттықтырады, ал оның көмекшісі болып Иван Азовский тағайындалды.

Марат Еслямов негізінен Бірінші лигадағы жұмысымен танылған маман. Ол бұған дейін Премьер-лига клубтарын жаттықтырмаған. Сондықтан бұл тағайындау да, оның осыншалықты жедел жүзеге асуы да көпшіліктің көкейінде сұрақ қалдырмай қоймайды. Оның үстіне, соңғы трансферлік өзгерістердің барлығы Нұрбол Жұмасқалиевтің ойын жүйесіне лайықталып жасалған болатын.

Енді павлодарлық жанкүйерлерге үміттен басқа амал жоқ. Олар барлық өзгерістерге қарамастан, «Ертіс» өз абыройын сақтап қана қоймай, алға қойған мақсатына жетеді деп сенеді.