Аққулыда балаларға интернет кеңістігінде өзін дұрыс ұстау ережелері түсіндірілді

«Қоғамдық орындардағы қауіпсіздік» акциясы аясында жасөспірімдерге арналған профилактикалық шара өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Іс-шараға Аққулы аудандық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік инспекторы қатысып, оқушылармен құқықтық тәртіп пен жеке қауіпсіздік туралы ашық әңгіме жүргізді.
Кездесу барысында балалар қоғамдық орындар мен интернет кеңістігінде өзін дұрыс ұстау ережелерімен танысты. Сондай-ақ әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік ұғымдары түсіндіріліп, келеңсіз жағдайлардың алдын алу жолдары сөз болды.
– Мұндай кездесулер жасөспірімдердің бойында заңға деген құрмет пен жауапкершілік сезімін қалыптастырады. Сонымен қатар, олар полиция қызметінің маңызын түсіне бастайды, – деді шара ұйымдастырушылары.
Кездесу еркін пікір алмасу форматында өтіп, балалар белсенділік танытып, өз ойларымен бөлісті. Полицейлер оқушылардың сұрақтарына жауап беріп, нақты мысалдар арқылы құқықтық сауаттылықты арттыруға тырысты.