Аққулыда «Жеңіс алауы» ауылдық аймақтарды аралап шығады

Қорытындысы 9 мамыр күні Аққулы ауылында ұйымдастырылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аудан орталығында «Жеңіс алауы» жобасы Невель көшесіндегі «Жұлдыз» ескерткіші алаңында бастау алды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қанат Әлтаев құттықтау сөз алып, ескерткіштің тарихына тоқталды. Аққулы мектебінің оқушылары атақты қолбасшы Әбілқайыр Баймолдинға арнап өлең шумақтарын оқыды.
Шара аудандық кітапханада жалғасын тапты. Жеңіс алауымен келген қатысушыларды қарсы алып, Баймолдин ауылдық округі дайындаған көрме таныстырылды, оқу залында «Сарғайған хаттар» инсталляциясы орналастырылды, ҰОС жайлы бейнеролик ұсынылды. «Майдан жыры – Жеңіс үні» әдеби этюды орындалды.
Аққулы ауданы әкімінің орынбасары Махаббат Абулова, аудандық қорғаныс бөлімінің бастығы, подполковник Шыңғыс Сарбаев құттықтау сөз сөйледі. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қанат Әлтаев неліктен жоба старты алғаш Баймолдин топырағына жолданғанына тоқталып, Әбілқайыр Баймолдин азат еткен Невель қаласы жөнінде бірқатар естеліктермен бөлісті.
Кеш шағын концерттік бағдарламаға ұласты.