«Ақсу» чемпионаттағы тартысқа кіріседі

«Ақсу» чемпионаттағы тартысқа кіріседі

Бүгін павлодарлық футбол командасы Қостанайдың «Тобылына» қарсы Қазақстан Премьер-лигасында алғашқы матч өткізеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Команда құрамы елеулі өзгерістерге ұшырады. Былтырғы құрамнан қалған футболшылар тіпті бір команда жасақтауға жетпейді. Тоғыз жаңа ойыншы келіп қосылды. Өкінішке орай, олардың қатарында Минскіде жасындай жарқылдаған Ілияс Әбіл жоқ.

Бастысы қақпашы мәселесі әлі шешімін тапқан жоқ. Соңғы тізімде небары екі қақпашының болғанына қарағанда «Ақсу» әлі негізгі құрамда ойнайтын қақпашы іздеуде. Өйткені, шынын айту керек, не Игорь Трофимец, не Михаил Голубничий нөмірі бірінші қақпашы болуға лайық емес. Ал маусым басталатын тұста бұл мәселені шешпеу – үлкен келеңсіздік.

Команданы биыл да украин маманы Руслан Костышин басқарады. Ол төрт қорғаушымен ойнағанды сүйетіндігін көрсетті. 2023 жылы да «Ақсу» 4-2-3-1 немесе 4-4-1-1 сызбанұсқасымен көбінесе қорғанысқа иек артады деп болжауға болады. Мұндағы шабуылшы міндеті Луис Гедешке сеніп тапсырылады.

«Тобылға» қарсы матч тартысты өтетіні анық. Былтырғы чемпионаттың үшінші командасыөз жанкүйерлері алдында үш ұпайға қол жеткізуге тырысатыны анық. 

Матч сағат 18:00-де басталады. Ойынды ПФЛК Youtube-арнасынан көруге болады.

Фото: Константин Шелков