Ақсу зауытында зардап шеккен өрт сөндірушінің жағдайы оңалып келеді
Травматологиялық бөлімшеде ем алуды жалғастыруда, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 21 маусым күні сағат 18.50-де Ақсу қалалық ауруханасының қабылдау бөлімшесіне жедел медициналық жәрдем бригадасы оқиға орнынан 1993 жылы туған ер адамды жеткізген.
– Зардап шеккен жігіт № 1 өрт сөндіру бөлімінде аға өрт сөндіруші болып жұмыс істейді. Өртті сөндіру кезінде шатырдан құлаған. Мидың жабық жарақаты мен шайқалуы, кеуде контузиясы, оң жақ білек буынының созылуы тіркелді, – деді басқармада.
Травматология бөлімшесіне жатқызылған. 22 маусымда сағат 16.00-де науқастың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланған. Есін біледі, өздігінен қозғала алады.
Еске сала кетейік, «Қазхром» ТҰК АҚ АФЗ аумағындағы №4 балқыту цехында №41 пештің жанындағы трансформатор ашық жалынмен жанды. Өрт кезінде өрт сөндіруші зардап шекті.