Павлодарлық полицейлер сыбайлас жемқорлықпен қалай күресуде?
Жыл басынан бастап алты полиция қызметкеріне қатысты үш қылмыстық іс тергелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, облыстық полиция департаментінде жемқорлықтың алдын алу мақсатында өңірлік сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің басшысы Медет Амралинов, полиция департаментінің бастығы генерал-майор Василий Склярдың және департаменттің жеке құрамының қатысуымен бірлескен кеңес ұйымдастырылды.
– Іс-шара барысында облыстық Полиция департаменті патрульдік полиция ротасының инспекторларына қатысты қылмыстық іс бойынша Павлодар облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің ұсынысы қаралды, олар ағымдағы жылдың ақпан айында көлік құралының жүргізушісінен оны әкімшілік жауапкершілікке тартпағаны үшін 100 мың теңге көлемінде пара алды, – дейді баспасөз қызметі.
Айта кету керек, ағымдағы жылдың басынан бастап облыстың сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі 6 полиция қызметкеріне қатысты 3 қылмыстық істі тергеп, сотқа берді, оның 2-і бойынша айыптау үкімі шығарылды.
2024 жылы ҚР ҚІЖК-нің 200-бабының тәртібімен енгізілген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсынымдарын қарау нәтижелері бойынша лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін 22 лауазымды адам әр түрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде, 5-і жұмыстан босатылды, 5-і атқаратын лауазымдарынан босатылды, 2-і қызметтік сәйкестігі туралы ескертілді, 9-ы қатаң сөгіс және 1 сөгіс алды.
Кеңес қорытындысы бойынша Василий Скляр Полиция департаментінің құрылымдық бөлімшелерінің басшыларына қарамағындағылар арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу жөніндегі жұмысты күшейтуді тапсырды.