Ақсу зауытының маңына мың түп көшет отырғызылмақ
Бүгінде зауыт аумағында 80 мыңнан астам ағаш бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл жайлы «Достық үйінде» өткен облыстық экологиялық кеңесте Ақсу қаласының әкімі Нұрлан Дүйсенбинов мәлім етті.
– Ақсу қаласы табиғи-климаттық жағдайларды ескере отырып, қаланы көгалдандыру тұжырымдамасын әзірледі. Жалпы жасыл алқап 809 гектарды құрайды. Бұл аумақта 83 мыңға жуық ағаш пен бұта өседі. Оның 76,6 мыңы сау, бес мыңнан астамы қураған және 478-і апатты ағаштар, – дейді Ақсу қаласының әкімі.
Қалада ағаштар мен бұталардың 18 түрі бар, олардың негізгілері үйеңкі мен терек. Облыстық абаттандыру жоспары бойынша қала бойынша 2528-ге жуық көшет отырғызу жоспарлануда. Сонымен қатар, Ақсу ферроқорытпа зауыты аумағына 1000 түп көшет отырғызу жоспарда бар.
Сондай-ақ, саябақ аумағында 240 көшет отырғызылуда, оның ішінде 60 қылқан жапырақты көшет, қалғаны жапырақты ағаштар.
Қала көшелері мен «Ақсу» шағын ауданы саябағының аумағына он мың шаршы метр көгал егу жоспарлануда. Алты ауылдық округке 1200 түп жапырақты ағаш көшеттері отырғызылмақ.
Айта кету керек, «Жігер» ЖШС-мен 28,8 миллион теңгеге жасыл желектерді күтіп-ұстауға келісім-шарт жасалды. Олардың қызметіне 4 мың ағашты суару кіреді. Ал Ақсу шағын ауданындағы саябақта автоматты суару жүйесі орнатылған.
Облыс әкімі Асайын Байханов қала әкімдеріне өз жұмысын қайта құруды және кәсіпорындармен кездесіп, оларды балалар алаңдарын салуға, концерттер мен мерекелерге қаражат бөлуге міндеттеп қана қоймай, сонымен қатар экология және абаттандыру мәселелерін талқылауға шақырды. Аймақ басшысы кәсіпорындар қажет, бірақ олардың зиянын азайту керек екенін атап өтті.