Ақсуда энергетиктерді даярлауға арналған заманауи құзыреттілік орталығы ашылды

Ақсуда энергетиктерді даярлауға арналған заманауи құзыреттілік орталығы ашылды
Фото:

Студенттер тәжірибелік дағдыларын жаңа стандарттар бойынша ала алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жаяу Мұса атындағы Ақсу көпсалалық жоғары колледжінде энергетикалық салада кәсіби білім беру тәсілдерін өзгертуге бағытталған заманауи құзыреттілік орталығы ашылды. Жаңашыл оқыту кеңістіктері барлық студенттерге қолжетімді. ERG орталығын жабдықтауға 75 млн теңгеден астам қаражат бөлінді.

Шараға облыс әкімі Асайын Байханов қатысты. Өңір басшысы колледж жұмысымен танысып, WorldSkills Қазақстан чемпионатының жеңімпаздарымен еркін әңгіме құрды. Асайын Байханов жұмысшы мамандықтардың дамуы аймақ экономикасы үшін стратегиялық маңызғы ие екенін айтты.

– Ақсу Қазақстан экономикасында маңызды орынға ие. Бұл жерде елдегі ферроқорытпалардың жартысынан астамы және айтарлықтай көлемде электр энергиясы өндіріледі. Қалада шамамен 50 мың халық тұрады, олардың көпшілігі өнеркәсіптік салаларда жұмыс істейді. Әрбір отбасында еліміздің дамуына күн сайын өз еңбегімен үлес қосып жүрген азаматтар бар, әсіресе, жұмысшы мамандықтарында еңбек ететіндер баршылық. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады. Бұл –  біз үшін маңызды қадам. Технология мен жасанды интеллект қаншалықты дамыса да, энергетика, металлургия және тау-кен өндірісі сияқты маңызды салаларда адам еңбегі аса қажет, – дейді Асайын Байханов. 

Құзырет орталығы екі негізгі компоненттен тұрады: VR-зертханасы және «Температура өлшеу әдістері» оқу жабдықтар жиынтығы. Қазіргі заманғы технологиялар студенттерге мамандықты тек теориялық тұрғыда игеруге ғана емес, виртуалды шындықта жұмыс процестерін модельдеуге мүмкіндік береді. VR көзілдіріктерін пайдалана отырып, оқушылар әртүрлі өндірістік сценарийлерге ене алады және білім ордасынан шықпай-ақ қажетті дағдыларды меңгере алады.

«ЕЭК» АҚ бас директоры Дүйсен Мерғалиевтің айтуынша, кәсіпорын  аймақтағы колледждермен белсенді іскери қарым-қатынаста. Түлектер өндіріс ошақтарына дайын кадр болып орналасады. 

–  Біз студенттерге кәсіби дағдыларын нақты өндірістік жағдайларға барынша жақын ортада жетілдіруге мүмкіндік бергіміз келеді. Құзыреттілік орталығы – бұл теория мен практиканың тоғысатын кеңістігі. Мұнда студент VR көзілдірігін киіп, енді студент емес, нағыз электромонтер, оператор немесе бақылаушы ретінде жұмыс істей бастайды. Бұл жаңа білім беру стандарты – жандандыратын, қызықтыратын, тиімді жүйе. Мамандық тек оқулық арқылы емес, оны сезіну, іс жүзінде тәжірибе жасау арқылы меңгеріледі. Колледж қабырғасында алынған білім тек теориялық база ғана емес, кәсіптік жолдың бастамасы. Студенттер кәсіби маман болу үшін барлық қажетті жағдайға ие. Біз мұндай орталықтардың дұрыс бағыт екенін және нақты нәтиже беретінін зор сеніммен айта аламыз, – дейді Дүйсен Мерғалиев.

Оқу кабинеттері жұмысшы мамандықтарды даярлауда аса маңызды. Осындай алаңдар студенттерге оқудың жаңа стандарттарын меңгеріп, теориялық білімді тәжірибе арқылы игеруге мүмкіндік береді. 

«ЕЭК» АҚ мамандарының хабаралуынша, өткен жылы өңір колледжерінің 700-ден астам студенті ірі өндіріс ошақтарына жұмысқа келген

Колледж студенті Александр Шубин –   болашақ электромеханик. Энергетиктер әулетінің мүшесі Ақсу станциясында еңбек етуге ниетті. Оның айтуынша, жаңа орталықтағы сабақтар қызықты әрі тиімді өтеді.

– Енді біз қозғалтқыштарды іске қосып, қысымды өлшеп, жүйелерді сынақтан өткізе аламыз. Осылайша, шынайы өндірісте жүзеге асырылатын үрдістерді білеміз, – деді Александр.

ERG Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына инвестиция салуды жалғастыруда. Жұмыс істеген жылдарында компанияның өңірлердегі әлеуметтік қаржыландыру көлемі шамамен 400 миллиард теңгені құрады. 2025 жылы ERG релейлік қорғаныс бойынша қосымша оқу кабинетін жабдықтауды жоспарлап отыр.

Еске сала кетейік, Аксуский көпсалалы колледжі Павлодар облысы әкімдігімен бірлесе отырып, ERG компаниясының қолдауымен жөнделіп, жабдықталды. Меморандум аясында өңірдегі 10 оқу орнында «ERG Құзыреттілік орталықтары» құрылды. Қазіргі уақытта бұл орталықтар компания жұмыс істейтін аймақтарда орналасқан 23 колледж бен 3 жоғары оқу орнын қамтиды.

Тек 2024 жылы ғана білім беру мекемелерін жаңғыртуға 600 миллион теңгеден астам қаражат бағытталды.  Бұдан бөлек, ERG колледждер Альянсының үздік оқытушылары мен студенттері Қытай мен Германияның жетекші оқу орындарында тағылымдамадан өтуде. Өткен жылы ERG өз қатарында рекордтық түлектер санын – 737 адамды қабылдады.

Фото: Валерий Бугаев