Ақсуда екі жасар бала терезеден құлап кетті
Ол аман қалып, түрлі жарақаттармен облыстық балалар ауруханасына жеткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі
Облыстық жедел жәрдем станциясының мәліметінше, 103 пультіне дабыл қоңырауы 3 тамызда Ақсу қаласынан түскен. 2022 жылы туған бала екі қабатты үйдің терезесінен құлап кеткен. Дәрігерлер үш минуттан кейін оқиға орнына жеткен.
– Сағат 15:10-да баланы жедел медициналық жәрдем қызметкерлері Ақсу қаласының ауруханасына жеткізіп, тексерістен өткізді. Кешкі сағат 18:10-да баланы облыстық балалар ауруханасының травматологиялық бөлімшесіне жеткізді. Қабылдау бөлімшесінде оған ультрадыбыстық зерттеу, рентген жасалып, кезекші травматолог және хирург тексерді, – деді облыстық балалар ауруханасынының баспасөз қызметінде.
Бала жабық бас миының жарақаты, мидың шайқалуы, оң жақ қол мен аяқтың жарақаты диагнозымен шұғыл түрде травматологиялық бөлімге жатқызылған. Оның жағдайы неврологиялық соматикаға байланысты орташа ауырлық дәрежеде деп бағаланады. Қазіргі таңда, барлық қажетті емдеу және диагностикалық шаралар жүргізілуде.