Ақсуда ерлі-зайыптылар ата-ана құқығынан айырылды
Ерлі-зайыптылар балаларының тәрбиесіне салғырт қараған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Ақсу қаласының ауылдық аймағындағы отбасылар бойынша рейдті полиция, прокуратура және білім қызметкерлері жүргізді. Нәтижесінде өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылар анықталды.
40 жастағы әйел адам мен 49 жастағы ер адам кәмелетке толмаған екі баланың тәрбиесінен жалтарған. Тексеріс кезінде үйдің ластығы, балалардың оқуы үшін жағдайлар жасалмағаны анықталды. Сонымен қатар, екеуі де ұзақ уақыт бойы алкогольдік ішімдіктерді асыра пайдаланған, өз баспанасы жоқ.
– Осыған байланысты кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу және білім беру, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін ата- аналарға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы бойынша әкімшілік материал толтырылды, материал сотқа жіберілді,–дейді департаментте.
Сондай-ақ, ата-аналардың тәртібі кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі қалалық комиссияның отырысында қаралды. Онда ата-аналардың 6 ай мерзімге құқықтарын шектеу туралы шешім қабылданды. Білім беру органдары материалды сотқа дайындайды.
Полиция қорғаншылық органдарымен бірлесіп, 11 және 12 жастағы екі баланы Павлодар қаласының өмірлік қиын жағдайына тап болған балаларды қолдау орталығына орналастырды.
Ақсу бойынша жыл басынан бері 42 заңды өкіл жазаланып, әрқайсысының тәртібі кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік комиссияда қаралды.