Павлодарлық профессор мен экзорцист қой малының құпия емдік қасиеттері туралы айтты
Қазақ атамыз «Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір», «Қойдың сүті қорғасын», «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бəрінен де қой бағып, көтен жеген озар» деген сөздерді қалдырған. Олардың мал шаруашылығымен айналысудың қыр-сырын өте жақсы білгені баршамызға мәлім.
@Pavlodarnews.kz тілшісі Торайғыров университетінің профессоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Надежда Бурамбаева мен павлодарлық экзорцист Жеңіс Молдабаевпен қой малының емдік қасиеті мен маңыздылығы жайлы сұхбаттасты.
– Қой еті жоғары сапалы ақуыз мен коллагеннің көзі болып табылады. Сонымен қатар, оның құрамында В12 дәрумені, селен, мырыш, темір, ниацин, фосфор сияқты дәрумендер, минералдар бар. Сондай-ақ лизин немесе серотонин өндірісімен байланысты триптофан иммунитет үшін өте құнды. Қой етінде шошқа етіне қарағанда темір 30 пайызға артық болады, – дейді спикер Надежда Бурамбаева.
Оның айтуынша, қой малының темірі қантүзіліміне және анемияның алдын алуға септігін тигізеді. Сонымен қатар, қой еті диеталық ет түріне жатады. Майдың өзі зиянды емес, керемет энергия көзі ретінде қызмет етеді.
Алайда майдың құрамындағы холестерин қауіпті. Себебі, артық мөлшері тамырларда түйіндік түзіп, атеросклерозды тудырады. Қой етінде холестерин сиыр етіне қарағанда 2,5 есе, ал шошқа етіне қарағанда 4 есе аз. Бірақ май мен ақуыздың көп болуына байланысты қой еті артық тұтынылған кезде семіздікке әкелуі мүмкін.
Қой еті – витаминдер мен микроэлементтермен қаныққан ет өнімдерінің бірі. Онда фосфор, йод, натрий, магний және калий бар. Аталмыш элементтер жүректің қалыпты жұмыс істеуі үшін қажет. Сондай-ақ, қой етінде Е, РР, В топтағы дәрумендер көп.
– Айта кетерлігі, қант диабетінің жақсы алдын алу қызметін атқаратын май тәрізді зат лецитин бар. Ол ұйқы безінің жұмысын ынталандырады, – дейді спикер.
Маман иесі қой терінің пайдасы жайлы ой өрбітті.
– Ата-бабаларымыз қой терісінің керемет қасиеттері туралы білген: бұлшықет кернеуін жеңілдетеді. Құрғақ жылу мен ланолин (қой жүнінде кездесетін табиғи зат) – ауру буындарға арналған ең жақсы дәрі, артрит кезінде қабыну процестерін жеңілдетеді. Жылу қан тамырларын кеңейтеді, осылайша қан айналымын қалпына келтіреді және қан қысымын реттейді, – дейді ол.
Қой терісі ревматикалық ауырсыну, артрит, артроз, суық тию және қабыну аурулары кезінде емдік қасиеттерге ие екендігі бұрыннан байқалған. Ол қан айналымын жақсарта алатын, тыныштандыратын әсерге ие.
Аталмыш мал терісінің емдік қасиеті жайлы павлодарлық экзорцист Жеңіс Молдабаев та әңгімелеп берді.
– Алланың қалауымен қой терісін адам баласын тылсым күштерден тазартуға пайдасы зор. Ең алдымен, теріге Құранның сүрелері оқылады. Кейін науқасты теріге орайды. Нәтижесінде адамның ішіндегі қаралықтары да қой терісінде қалады, – дейді бақсы.
Спикердің айтуынша, ем кезінде сіңіп қалған тылсым күштер теріде қозғалысқа ұшырайды. Терінің түсі де өзгереді. Кейін арнайы емдік құрылғылармен, яғни асатаяқпен, үшкір найзамен теріні басады. Қалған теріні өртейді. Осылайша, тылсым күштерден арылады.
– Бірінші Алла, екінші аталарымыздың көмегімен адам тылсым күштерден тазартылады. Осы уақытқа дейін, 30-ға жуық адам бұл тәсілмен ем-шипасын алды, – дейді ол.
Сонымен қатар, бақсы қойдың майын адыраспанмен де аралыстырып емдейді. Жылдан-жылға, адам денсаулығына пайдалы әсер ететін экологиялық таза, сауықтыратын маталар сәнге енген сайын терінің танымалдығы да артып келеді.
Тері, ең алдымен, ланолиннің – жануар балауызының көп болуына байланысты айқын емдік қасиеттерге ие.
Жүннен жасалған киім бұлшықеттер мен буындарға жақсы әсер етеді, сондықтан ол буындар мен бұлшықеттердегі ауырсынумен ауыратын адамдарға көрсетіледі. Бұл материалдан жасалған киім «жылу киімі» санатына жатады, жемпір, шұлық, басқа киімдер қан айналымын керемет ынталандырады. Өйткені ол адам денсаулығы үшін оңтайлы микроклиматты сақтайды, гипоаллергенді материал болып табылады. Ланолин өзінің қабынуға қарсы, антисептикалық және сіңіргіш қасиеттерімен танымал. Жүннен жасалған киім остеохондрозбен, ревматизммен, ортопедиялық материалдармен, бронхиалды аурулармен ауыратын адамдарға көрсетілген әрі ісінудің алдын алу болып табылады. Терлеудің жоғарылауымен ылғалды тиімді сіңіреді және сонымен бірге құрғақ болып қалады.
Мамандардың айтуынша, қой етін қатты науқастан дененің арықтауына, дене əлсізденгенде, қайнатып жегізген. Бұны «сорпалау» деп атаған. Босанған əйелдерге денсаулығын қалпына келтіруге қайнатып етін жегізіп сорпасын ішкізген. Бұны «қалжалау» деп атаған.
Сондай-ақ, қой малында адамға қажетті микро-макро элементтер өте көп. Құйрық майды шыжғырып, ішсе, қақырықты жібітіп жөтелді басады.