Ақсуда көктемгі дала жұмыстарына дайындық талқыланды

Шаруалар мемлекеттік қолдау шаралары туралы білді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Кездесуге Ақсу қаласының әкімі Болатбек Шәріпов, Ауыл шаруашылығы басқармасы, Павлодар облысының кәсіпкерлер палатасы, бизнес өкілдері, ауыл шаруашылығы субъектілері және республикалық қаржы институттарының өңірлік филиалдарының басшылары қатысты.
Қала әкімі көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысын баяндады. «Атамекен» өңірлік палатасы директорының орынбасары Жомарт Сембаев өткен жылы ӨКП бизнестің және аграрийлердің мүдделерін қорғау бағытында атқарған жұмыстары туралы айтып берді.
Ақсу бизнес субъектілерінің басшылары ауыл шаруашылығы басқармасынан АӨК мемлекеттік қолдау шаралары, «ҚазАгроҚаржы» АҚ аймақтық филиалынан ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуды несиелендіру шарттары, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ («АКК» АҚ) өкілдерінен көктемгі дала жұмыстарына арналған несиелендіру бағдарламалары жөнінде ақпарат алды.
Билікпен диалог барысында шаруалар несиелік серіктестіктер арқылы қаржы алу үшін қажетті танаптарды цифрландыру, жүк тасымалына теміржол тарифтерін субсидиялау, «Агробизнес» бағдарламасы бойынша «АКК» АҚ арқылы несиелеу сомасын шектеу, сондай-ақ субсидияланатын техникалар тізіміне өздігінен жүретін комбайндарды қосу мәселелерін көтерді.
Кәсіпкерлер мен аграрийлердің сұрақтарына сол жерде түсініктемелер берілді. Бірқатар мәселе қосымша зерттеу мен талқылауды қажет ететіндіктен, назарға алынды.