Павлодар облысында аграрийлерді қосарланған жұмыс күтіп тұр
Диқандар орақ науқаны мен мал азығын дайындау жұмыстарын қатар жүргізеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде 1,316 млн тонна ірі азық қорын қалыптастырып, 112 мың тонна пішендеме дайындау қажет.
Мал азығын дайындау науқаны басталып кеткенімен, әзірге жоспарланған көлемнің жартысынан азы ғана жиналды. Шаруашылықтарда шөп шабу, пішен дайындау және оны қыстақтарға жеткізу жұмыстары жалғасуда. Әсіресе, өзен жайылмаларындағы шабындықтарда жақсы көрсеткіштер байқалады.
Көктемгі су жіберу жұмыстары жайылма алқаптарға оң әсерін тигізген. Мұндағы шөптің орташа өнімділігі гектарына 20,9 центнерді құрайды. Салыстырмалы түрде айтсақ, телім жерлердегі шабындықтарда орташа өнімділік гектарына шамамен 7 центнер, ал кей жерлерде одан да төмен.
Өңірдегі жайылмалы алқаптардың жалпы аумағы 204 мың гектардан асады. Қазір механизаторлар жайылма шалғындар мен лимандарда шөп дайындауға кірісті. Бұл маусымның қалған кезеңінде мал азығын дайындау көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы кәсіпорындары астық жинау науқанына дайындалып жатыр. Ауа райының қалыптан тыс ыстық болуына байланысты дақылдардың пісуі жеделдеп, кейбір ерте себілген алқаптарда сынақ мақсатындағы ору жұмыстары жүргізілді. Жоғары температура сақталған жағдайда толыққанды орақ науқаны 20 тамыздан кейін басталуы мүмкін.
Осылайша, механизаторларға үлкен жүктеме түседі: олар бір мезгілде астық алқаптарында жұмыс істеп, шаруашылықтарды қысқы кезеңге қажетті мал азығымен қамтамасыз етуі керек. Биыл астық дақылдарының сабағы аласа болғандықтан, қосымша азық көзі ретінде сабанның мол көлеміне сенім арту қиын.
Малдың қысқы рационында шырынды азық маңызды орын алады. Павлодар Ертіс өңірінің жағдайында оның негізгі түрі – жүгері сүрлемі. Биыл сүрлемдік дақылдарға бөлінген алқаптардан 242 мың тонна сүрлем дайындау жоспарланып отыр.
Өңірде белсенді дамып келе жатқан тағы бір бағыт – суармалы егіншілік. Қазіргі таңда нақты суарылатын жер көлемі 89,9 мың гектарды құрайды. 2026 жылы жалпы аумағы 6,1 мың гектар болатын жаңа суармалы алқаптарды іске қосу бойынша 13 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бұл мақсатқа 7,8 млрд теңге қарастырылған.
Қазірдің өзінде суармалы жерлерде ерте пісетін картоп жиналып, көкөністер мен көк шөптер теріліп жатыр. Жергілікті шаруашылықтардың өнімдері өңір нарықтарына жеткізілуде.
Сонымен қатар, аграрийлер жаңа өнімді қабылдайтын инфрақұрылымды дайындауда. Облыста жалпы сыйымдылығы 277,3 мың тонна болатын алты элеватор және тағы 912 мың тонна өнімді сақтауға мүмкіндік беретін 263 қойма бар.
Өңірде көкөніс қоймаларын дамыту жұмыстары да жүргізілуде. Мамандардың бағалауынша, картоп пен көкөністерді келесі маусымға дейін сақтауға мүмкіндік беретін тоңазытқыш қондырғылары бар қоймаларды салуға сұраныс жоғары.
Осылайша, алдағы күз ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін қосарланған жүктеме кезеңі болмақ. Бір механизаторлар шөп пен пішендеме дайындауды жалғастырса, енді бірі техниканы астық алқаптарына шығаруға әзірлеуде. Бұл жұмыстардың үйлесімді жүргізілуі өңірдің ауыл шаруашылығы маусымын сәтті аяқтап, малды қыстан аман алып шығуына тікелей әсер етеді.