Ақсуда көлікті есірткіге мас күйінде жүргізген тұрғынның қылығы сотта қаралады

Оның көлігі мамандандырылған тұраққа қойылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, полиция қызметкерлері Ақсу қаласының Б.Момышұлы көшесінде патрульдеу бағыты бойынша қызмет атқару барысында Chevrolet Cobalt маркалы автокөлікті тоқтатты. Тексеру кезінде жүргізушіде есірткіге мас болу белгілері анықталды.
– Құжаттарды тексерген бетте жүргізушіде орынсыз мінез-құлық, реакцияның тежелуі байқалды. Жүргізуші куәландырудан өту үшін дереу медициналық мекемеге жеткізілді. Медициналық актіге сәйкес жүргізуші есірткіге мас күйінде болды, – деп хабарлады Ақсу қаласы полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Айдар Сламбеков.
Көлік құралын мас күйінде жүргізгені үшін жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Автокөлік мамандандырылған тұраққа қойылды. Материал қарау үшін сотқа берілді.
Айта кетейік, ағымдағы жылы Ақсу өңірінің аумағында көлік құралын мас күйінде жүргізген 88 жүргізуші жауапқа тартылды.
Облыстық полмцмя департаменті азаматтарды жол қозғалысына қатысуға жауапкершілікпен қарауға шақырады және мұндай бұзушылықтар жол қозғалысының барлық қатысушыларының өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіретінін еске салады.