Ақсуда маскүнемдер мәжбүрлеп емдеуге жіберілді

Ақсуда маскүнемдер мәжбүрлеп емдеуге жіберілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Олар ұзақ уақыт бойы заңсыз әрекеттер жасаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

«Учаске» жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде тәртіп сақшылары мас күйінде жасалған қылмыстардың алдын алуды жүргізеді. 

– Бүгінгі күні Ішкі істер органдарында есепте маскүнемдіктен зардап шегетін 128 адам және 29 нашақор тұрады. Олардың әрқайсысы учаскелік полиция инспекторларының ерекше бақылауында. Полиция қызметкерлері құқық бұзушылықтарға мүлдем төзбеушілік қағидатын іске асыру бойынша жұмысты жалғастыруда, — деді Ақсу қаласы полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Айдар Сламбеков.

Мұндай азаматтардың мінез-құлқы қоғамдық тәртіпке, айналасындағылардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне қауіп төндіретін жағдайларда учаскелік полиция қызметкері арнайы емдеу-алдын алу мекемесіне мәжбүрлеп емдеуге жолдама бойынша құжаттарды жинап, істі қарауға сотқа жібереді.

Мысалы, бір күннің ішінде Ақсу қаласы сотының шешімімен маскүнемдіктен 6 ай мерзіміне мәжбүрлеп емдеуге сегіз адам жіберілді, олар ұзақ уақыт бойы алкогольдік ішімдіктерді асыра пайдаланды, заңсыз әрекеттер жасады, басқаларға қолайсыздықтар туғызды. Сот шешімдері дереу орындалуға тиіс болды.

Жыл басынан бері алкоголизммен ауыратын 33 азамат мәжбүрлеп емдеуге жіберілді.

Полиция азаматтарды әлеуметтік жауапкершілікті көрсетуге және емделуден оралған адамдарды оңалту және бейімдеу процесіне жәрдемдесуге шақырады.