Павлодарлық университетте дәстүрлі спартакиада басталды

Павлодарлық университетте дәстүрлі спартакиада басталды
Фото: Марғұлан университеті

Жарыста жеті команда бақ таластыруда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің қызметкерлері мен оқытушылары арасында дәстүрлі спорттық спартакиадасы басталды. Спорттық жарыстың ашылу салтанатына университеттің басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Роза Жаева қатысып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Жарысқа барлығы жеті команда қатысуда. Олар – Әкімшілік департамент, шаруашылық департамент, гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебі, жаратылыстану ғылымдар жоғары мектебі, өнер және спорт жоғары мектебі, педагогика жоғары мектебі және М.Қанапиянов атындағы жоғары колледж ұжымы.

Спартакиада барысында командалар волейбол, баскетбол, шахмат, тоғызқұмалақ, қысқы эстафета және үстел теннисі спорт түрлері бойынша бақ сынайды. Жарыстың алғашқы күні волейбол және тоғызқұмалақ спорт түрлері бойынша ойындар басталды. 

– Ұстаздар үшін мұндай жарыстардың пайдасы өте зор. Себебі, күнделікті жұмыспен ғана шектелмей салауатты өмір салтын да ұстанып, спортпен жиі шұғылдану керек. Бұл жан мен тән саулығы үшін өте маңызды. Біз кәсіби спортшы болмасақ та ойын алаңында жеңіс үшін бар күш-жігерімізді жұмсайтын боламыз, – дейді педагогика жоғары мектебінің вице-деканы Арай Рахымжанова.  

Шараға спорттық акробатикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем чемпионатының қатысушылары  «Дене шынықтыру және спорт» білім беру бағдарламасының студенті Руслан Әубәкіров және №17 мектептің оқушысы Злата Богунова қатысып, өз өнерлерін көрсетті.