Павлодарлық коммуналдықтар тұрғындардың шағымына жауап берді

Павлодарлық коммуналдықтар тұрғындардың шағымына жауап берді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ластанған субұрқақтар қала тұрғындарының наразылығын тудырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Коммунсервис» коммуналдық мемлекеттік мекеменің басшылығы әлеуметтік желідегі қалалық қоғамдық парақшаларда жарияланған ластанған субұрқақтар туралы шағымдарға жауап берді.

– Қалалық «Айналайын» және жағажайдағы «Орталық» субұрқақтарында осы айда кеспетас төсеу жұмыстары жүргізілді. Осыған байланысты арнайы техниканың оларды жуып-шаюға мүмкіндігі болған жоқ. Сондай-ақ қалалық су арнасы желілерінде кәріздегі судың деңгейі көтеріліп, субұрқақтардағы суды төгуге мүмкіндік берілмеді. Тірек жойылғаннан кейін кеше түнде су төгіліп, бүгін оларды жууға кірістік, – деп түсіндірді ұйымда.

«Коммунсервис» КММ-де қалалық субұрқақтардағы тазалау және жөндеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті.