Екібастұздық жүргізуші бейсауат малдың кесірінен жол апатына түсті
Мал иесін жауапкершілікке тартады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық полиция басқармасының мәліметінше, жол-көлік оқиғасы 7 қыркүйек күні Қалқаман-Баянауыл тас жолында болды. Автокөлік ірі қара малмен соқтығысып, жол апатына түсті. Оқиға орнына учаскелік инспектор Азат Хабдуллинов келді.
– Мен бұл инспектордың жұмысына таң қалдым. Сауаттылығыңыз және нағыз кәсібилігіңіз үшін рахмет. Азат Хабдуллинов қажетті іздестіру шараларын жүргізіп, мал иесін жедел анықтады. Біз өзіміз зардап шеккен жоқпыз, бірақ көлікке жөндеу қажет, – деп атап өтті Жұлдыз есімді әйел.
Мал иесіне үш АЕК немесе 11 мың 76 теңге көлемінде айыппұл салынады.
Жыл басынан бері осындай бұзушылық үшін 1437 мал иесі жауапқа тартылды.