Ақсуда зауыт қызметкерлері күш сынасты
Бұл байқау металлургтер күні мен қала күніне орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ақсу қаласында металлургтер күні мен қала күніне орай мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Шара барысында «Зауыт батыры» байқауы өтті. Бұл байқауда Ақсу ферроқорытпа зауытының 10 қызметкері бақ сынасты. Олар ауыр заттар көтеріп, көлік сүйреп жарысты.
– Айтулы күнге орай алыптар сайысы өтті. Бұл жарыста Алланың қалауымен 3-ші орын иелендім. Сайыс барысында ауыр бөренелер мен үлкен жүк көлігінің дөңгелегін көтеріп жарыстық. Соңында автобус сүйреп сынға түстік, – дейді зауыт қызметкері Қуандық Мұратбек.
Байқаудың жеңімпазы 10 тоннаға жуық автобусты сүйреп, мықтылығын дәлелдеді.
– Бұл байқауға осымен 6 мәрте қатысудамын. Мен бүгінгі таңда қол күрестен облыс чемпионымын. Алғашқы болып 90 келілік бөрене көтердік. Мұның бәрі уақытпен саналады. Соңғы маңызды сынның бірі 8 тонналық автобусты сүйреу. Әзірге бұл сайыстан мені ешкім жеңіп көрмеген, – дейді байқаудың жеңімпазы Ларин Михаил.
Байқаудың жеңімпазы мен қызметкерлеріне кубоктар мен мақтау қағаздары табысталды. Сонымен қатар, барлық қатысушыларға ақшалай сыйақы берілді.
Айта кету керек, байқаумен қоса қала күніне орай концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Бұл концертте Қазақстанның эстрада жұлдыздары Бүркіт пен Аиша және Raim өнер көрсетті.
Фото: Константин Шелков