Ақсуда зауыт ластаушы зат шығарғаны үшін қомақты айыппұл арқалады

850 миллион теңгеден астам сома мемлекет кірісіне толық көлемде өндіріп алынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы бойынша экология департаменті облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасымен бірлесіп, Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің талаптарын бұзу фактілерін анықтады.
Аксудағы ферроқорытпа зауыты – «ТНК «Қазхром» АҚ филиалы – 2025 жылдың І тоқсанында атмосфераға 663,67 тонна көлемінде белгіленген нормадан артық ластаушы заттар шығарған.
Аталмыш факті өндірістік экологиялық бақылау есептерімен және салық декларацияларымен (870-нысан) расталды.
Бұзушылық бойынша ӘҚБтК-нің 328-бабының 1-бөлігіне сәйкес 854 994 984 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Аталған сома мемлекет кірісіне толық көлемде өндіріп алынды.