Павлодар облысында «Құрақ үні» заманауи ART көрмесі ашылды

Павлодар облысында «Құрақ үні» заманауи ART көрмесі ашылды
Фото: Автор

Құрақ өнері панно мен арт-объектілерде жаңаша сипатқа ие болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі

Мәдени шара дәстүрлі құрақ өнерін кеңінен насихаттауға және оны жаңа көркемдік бағытта танытуға бағытталған. Жоба аясында сәндік-қолданбалы өнер шеберлері мен заманауи суретшілердің жұмыстары тоғысып, авторлық текстильді паннолар, арт-объектілер мен инсталляциялар ұсынылды.

Экспозицияда ежелгі құрақ техникасы жаңа мазмұнға ие болып, ұлттық бірегейлік пен ұрпақтар сабақтастығы көрініс тапқан. Көрме шығармашылық диалог алаңына айналып, дәстүрлі өнердің қазіргі мәдени кеңістікте дамуына серпін беруді мақсат етеді.

— Бұл көрмені ұйымдастырудағы мақсатым – қолөнерге ерекшелік енгізуге деген үлкен ниетім болды. Түрлі көрсетілім мен жәрмеңкелерге қатысып жүрсек те, дәл мұндай заманауи форматтағы жоба өңірімізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Бұл – жарты жылдық дайындықтың нәтижесі. Біз құрақтың тек тұрмыстық емес, көркемдік қырын да көрсеткіміз келді, — дейді Павлодар облыстық қолданбалы өнер орталығының «Шабыт қайнар» үйірмесінің жетекшісі Уасиля Нұрмұғанбетова.

Ұйымдастыру жұмыстарына облыстық Г.Н.Потанин атындағы музей қызметкерлері қолдау көрсеткен. Көрмеге барлығы 16 шебердің туындысы қойылып, олардың арасында тәжірибелі және жас өнер иелері де бар. Кейбір қатысушылар бірнеше жұмыс ұсынған. Іріктеу барысында талапқа сай келмеген туындылар қабылданбағанымен, шеберлер бұл үдерісті кәсіби өсу мүмкіндігі ретінде қабылдаған.

— Қазіргі таңда ұлттық нақыштағы бұйымдарға сұраныс жоғары. Әр қазақ өз үйінде домбыра тәрізді ұлттық болмысымызды айшықтайтын ерекше туындылардың болғанын қалайды. Құрақты тек көрпе-жастық емес, панно, картина ретінде де қолдануға болады, — дейді Уасиля Нұрмұғанбетова.

Көрмеге келген оқушылар да өз әсерлерімен бөлісті. Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатының 9-сынып оқушысы Дильназ Тәтенова көрмеден ерекше әсер алғанын атап өтті.

— Бұл өте әсерлі көрме. Мұнда көрген дүниелер маған ерекше ұнады. Шеберлер өз жұмыстарын таныстырып, жасалу жолдарын көрсетті. Болашақта мен де құрақтан бұйым жасап көргім келеді, — дейді Дильназ Тәтенова 

Көрме ұлттық өнердің жаңа деңгейге көтеріліп, заманауи кеңістікте жаңаша дамып келе жатқанын айқын көрсетті.

Аяужан Жетес.