Ақсуда жылу желілеріне кезең-кезеңмен гидравликалық сынақтар жүргізілуде

Ақсуда жылу желілеріне кезең-кезеңмен гидравликалық сынақтар жүргізілуде
Фото: Константин Шелков

Жөндеу жұмыстарынан кейін жылу желілеріне гидравликалық сынақтар екі кезеңмен өткізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілші

Бірінші кезеңде 20 әлеуметтік нысан тексерілді, екінші кезеңде тағы 17 нысан қамтылды. Барлығы 244 көппәтерлі тұрғын үй сынақтан өтті.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановпен кездесуде «Ақсу теплосервис» басшысы Вадим Ковальчук сынақ аймақтарын бөлудің принципін түсіндірді. 

– Шекараларды магистральдік желілер бойынша бөліп, кейбір бөліктерді ажыратуға мүмкіндік жасадық. Қала аумағын жабу құралдары арқылы бөлдік. Бұған дейін біз тек магистральдік желілерді сынақтан өткізетінбіз, ал аулаішілік желілері тексерілмейтін. Қазір магистральдік те, аулаішілік те желілерді бір уақытта тексеріп жатырмыз, – деді ол. 

Вадим Ковальчуктың айтуынша, алғашқы сынақтарда 52 ақау анықталды, соның 38-і – магистральдік желілерде. Екінші кезеңде тағы 32 ақау тіркелді, оның 25-і – аулаішілік желілерінде.

– Бізде іс жүзінде барлық магистральдар зақымданған және ажыратылған, тек Қамзин магистралі ғана аман қалды, – деді ол.

20–22 тамыз күндері Ақсу қаласының бір шағын ауданында ұзындығы 10 шақырым желілерде сынақтар өтеді.

– Біз қазірдің өзінде жөндеу жұмыстарына кірістік. Магистральдарды жеті жұмыс күні ішінде қалпына келтіріп, іске қосамыз. Содан кейін тағы бір аптада жекелеген кварталдарды жөндеуді аяқтаймыз, – деп атап өтті кәсіпорын басшысы.

Ерекше назар 2015 жылы салынған, ұзындығы 1150 метр және диаметрі 720 мм магистральға аударылып отыр. Ұзындығы 600 метр бөлікте негізгі бұзылулар анықталды, бұл жерге үш қозғалмайтын тірек пен төрт V-тәрізді конденсатор орнату жоспарланған.

– Топырақ суларының әсерінен бұл учаскеде сыртқы коррозия күшейген. Сумен толып тұрған бас бөлікті жер үстіне шығарамыз, осылайша құбыр суға тимейтін болады, – деп түсіндірді маман.

Айта кетейік, бұл магистральға 12 әлеуметтік нысан, 27 көппәтерлі үй және 167 жеке тұрғын үй қосылған.