Ақтоғайлық көпбалалы отбасыдан шыққан балалар Қазақстанды аралайды
Турға еліміздің 200 баласы қатыса алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Туған елге саяхат» – жазғы демалыс кезінде Қазақстанның түпкір-түпкірінен келген балаларды еліміз бойынша 12 күндік саяхатқа апаратын туристік пойыз. Әр кезеңде 200 баладан тұратын топ Қазақстанның көркем әрі көрікті жерлерінде болады.
Жоба «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қаржылық қолдауымен және ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қатысуымен «Әлеуметтік жобалар қорымен» ынтымақтастықта іске асырылуда.
– Турға Ақтоғай ауданының бес жасөспірімі қатысады. Олар – көп балалы отбасыдан шыққан 10-15 жастағы оқушылар, – деді аудандық білім беру бөлімінде.
Айта кету керек, 12 күндік турда оқушылар Алматы, Түркістан, Тараз, Бурабай сынды жерлердің әсем, көне, тарихи жерлерін тамашалай алады. Экскурсия барысында баратын қалалардағы қонақ үй кешендерінде бес мезгіл тамақ және жатын орын қамтамасыз етіледі.