Павлодар облысында мамандар көбінесе қай салада зардап шегеді?
Жұмыс орындарында зиянды еңбек жағдайларын азайту үшін биыл 34 өндірістік нысан аттестатталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық еңбек басқармасы басшысының м.а. Абылай Сабыров тұрақты негізде өндірістік жарақаттанудың жай-күйіне талдау жүргізілетінін атап өтті.
– Облыс кәсіпорындарында 40 жазатайым оқиға орын алды, салдарынан 46 адам зардап шекті. Оның ішінде 35 адам ауыр жарақат алып, алты адам қайтыс болды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жалпы өндірістік жарақаттанудың шамалы, яғни екі пайызға төмендеуі байқалады. Өліммен аяқталған жарақаттану топтық – төрт адам қаза тапқан жазатайым оқиғаға байланысты артқан, – деді Аблай Сабыров.
Аталмыш оқиға «Майқайың-Алтын» акционерлік қоғамының аумағында орын алды. Жазатайым оқиғалар кезінде жиі жол берілетін бұзушылықтар жұмыс өндірісін қанағаттанарлықсыз ұйымдастыру, зардап шегушінің өрескел абайсыздығы, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау ережелерін бұзу болып табылды.
– Зардап шеккендердің ең көбі тау-кен металлургия, энергетика өнеркәсібі және машина жасау салаларында тіркелген. Өңірдегі қызметкерлер арасында жазатайым оқиғалар мен кәсіптік аурулардың алдын алу жөніндегі шаралар шеңберінде облысымыздың 31 кәсіпорны «Vision Zero – нөлдік жарақат» концепциясын енгізді, – деді спикер.
Сонымен қатар, 21 кәсіпорын «Халықтық бақылау» жобасына қосылды, оның негізгі мақсаты өндірістік жарақаттануды, кәсіптік ауруды және еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыс орындарын азайту, сондай-ақ еңбекті қорғау бойынша қоғамдық бақылауды жүзеге асыру болып табылады.
Оған қоса, жыл басынан 34 өндірістік объект аттестатталды.
Облыс кәсіпорындарында 881 өндірістік кеңес жұмыс істейді, оның міндетіне жарақаттану өндірісінің алдын алу, сондай-ақ жұмыс орындарында еңбек жағдайларын тексеруді ұйымдастыру кіреді. Мемлекеттік еңбек инспекциясы өндірістегі жазатайым оқиғаны дұрыс және уақтылы тергеу мен есепке алуды үнемі қадағалап отырады.