Ақтоғайлық жас өнертапқыш Еуропаға тегін саяхаттайды
Оқушылардың жобасы жоғары бағаланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Haileybury Astana халықаралық мектебінде «Астана дарыны» орталығының қолдауымен және USTEM Foundation қорымен бірлесіп, робототехника бойынша First Astana Regional турнирі өтті. Биылғы турнирдің негізгі тақырыбы – дүниежүзілік экономика үшін маңызды мәселе болып табылатын мұхит түбін зерттеу.
Жарысқа республиканың түкпір-түкпірінен 800-ден астам қатысушы жиналды, оның ішінде оқушылар, жаттықтырушылар, мұғалімдер және еріктілер қатысты.
Аталмыш чемпионатқа Ақтоғай ауданы Абай атындағы жалпы орта білім беру мектебінде оқитын оқушылар «Steel Mind» атауымен команда құрып, облыс намысын қорғады. Екі ай бойы оқушылар мен олардың жетекшілері дайындық жүргізді. Олар су әлемін қорғау, суды қоршаған ортаның ластануынан тазарту бойынша тұтас жоба әзірлеп, барлық үш турда жоғары балл жинап, чемпионаттың Гран-при иегерлері атанды.
– Желтоқсан айының басында команда Павлодарда өткен робототехника бойынша облыстық турнирге қатысты. Өкінішке орай, олар жүлделі орынға ие болған жоқ, бірақ бұл оларға көп дайындалуға шабыт беріп, республикалық деңгейдегі турнирде барлық қабілеттерін көрсетуге түрткі болды. Қажырлы еңбектері Гран-приді жаулап алумен ақталды, – деді Ақтоғай ауданы Абай атындағы ЖОББМ география пәнінің мұғалімі және Stem зертханасының басшысы Ғалым Аукебай.
Ақтоғайлық команда Алматыда өтетін робототехника бойынша Орта Азия чемпионатына жолдама алды. Сондай-ақ, 10-сынып оқушысы, «Steel Mind» командасының жетекшісі Айнара Мұқитова Германияның Франкфурт қаласына екі адамға жолдама алды. Өнертапқыш бір жыл ішінде Франкфуртқа ұшып, Еуропаға саяхат жасай алады. Барлық рейстерге робототехника бойынша турнирдің ресми демеушісі Air Astana компаниясы төлейтін болады.
Жалпы Павлодар облысынан барлығы 11 команда қатысып, жоғары нәтижелерге ие болды.
Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернатының «Алтынсарин team», Екібастұз қаласының «Robo Kids» робототехника мектебінің «Billion team» командалары финалист атанды. Ал FLL Explore категориясында екібастұздық «Robo Kids» робототехника мектебінің «Aqua Brick» командасы финалист атанса, павлодарлық № 21 ЖОМ «Подводные путешественники» командасы «BEST ENGINEERING BOOK» номинациясын алды, «Сатурн» робототехника мектебінің «Atlantis» командасы осы категорияда 1-ші орынға ие болды.
FLL Discover категориясында Екібастұз қаласының №21 ресуртық орталығының «Октонавты» командасы абсолютті чемпион атағын иеленді.
FLL Challenge категориясында «Axolotls» командасы «RISING ALL-STAR» және дарынды қыз балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернаты» мен Ақтоғай ауданының Абай атындағы ЖОМ TechnoMagic бірлескен командасы «Judges choice» номинацияларымен марапатталды.
Жоғарыда аталған командалар 20-23 ақпаны аралығында Алматы қаласында өтетін Орталық Азияның «Almaty Tech Cup» чемпионатына жолдама алды.