Аида Балаева Алматы облысындағы туристік нысандарды тексерді
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Алматы облысындағы туристік нысандардың жазғы маусымға дайындығын тексерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Жұмыс сапарына орталық мемлекеттік органдардың, Үкімет аппаратының өкілдері, сондай-ақ Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысты.
Тексеру барысында Қонаев қаласындағы коммуналдық жағажайлар мен «ASP Arena» көпфункционалды кешені қаралды. Облыс әкімдігі мен бейінді қызметтер санитариялық дайындық, қауіпсіздік шаралары, медициналық, құтқару және құқық қорғау қызметтерінің жұмысы, сондай-ақ демалушыларға қолайлы жағдай жасау жөнінде баяндады.
Аида Балаева нысандардың толық дайындығын дәл қазірден бастап қамтамасыз ету қажеттігіне ерекше назар аударды. Сонымен қатар халықпен уақытылы түсіндіру жұмыстарын жүргізудің, судағы қауіпсіздікті, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің және қоғамдық тәртіпті сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
– «Таза Қазақстан» идеологиясы жай ұран болып қалмай, туристік нысандардың жай-күйінен көрініс табуы керек. Ол тазалықтан, тәртіптен, кеңістіктің түсінікті ұйымдастырылуынан және ортақ демалыс орнына деген құрметтен байқалуға тиіс. Ал «Заң мен тәртіп» қағидаты барлық қызметтің нақты әрі үйлесімді жұмысынан және қауіпсіздік талаптары мен қоғамдық тәртіп нормаларын бұзғандарға қатысты шаралардың бұлтартпай қолданылуынан көрінуі қажет, — деді Аида Балаева.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Премьер-министрдің орынбасары аумақтардың санитариялық жағдайын күшейтуді, инфрақұрылым мен қауіпсіздік қызметтерінің дайындығын қамтамасыз етуді, халықпен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жандандыруды, сондай-ақ коммуналдық және жекеменшік демалыс нысандарына жүйелі бақылау орнатуды тапсырды. Сонымен бірге заңдылықтың сақталуына, азаматтардың еңбек құқықтарын қорғалуына және меншік иелерінің қауіпсіздік, тәртіп пен көрсетілетін қызмет сапасы үшін жауапкершілігіне ерекше мән берілді.