Алматы бастамасы Павлодарда: Жануарларды қорғау мәселелері талқыланады

Алматы бастамасы Павлодарда: Жануарларды қорғау мәселелері талқыланады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ұйымдастырушылар ізгілік пен әділдік болашақтың негізіне айналатын қоғам құру үшін баршаны бірлесе жұмыс істеуге шақырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

21 тамыз күні сағат 16:00-де Павлодар қаласында жануарларды қорғау және қоғамдық саясатты ізгілендіру мәселелеріне арналған маңызды кездесу өтеді. Бұл іс-шараны 2025 жылдың шілде айында құрылған «Алматы бастамасы» ашық азаматтық платформасы ұйымдастырып отыр.

– Кездесудің мақсаты – жануарлармен қарым-қатынас саласындағы этикалық және тұрақты шешімдерді ілгерілету. Олардың негізгі бағыттары – «Ұстау – зарарсыздандыру – вакцинациялау – қайтару» бағдарламасын енгізу, қоғамдық ветеринария мен чиптеуді дамыту, заң шығару процесіне қоғамдық бақылау мен сарапшылық қатысу, сондай-ақ, Қазақстан мен Орталық Азияда тұрақты дамудың бір бөлігі ретінде ізгілік саясатын насихаттау, – деді «Сириус» жануарларға көмек көрсету қоғамдық қорының баспасөз қызметі.

Іс-шараға «Алматы бастамасының» штаб мүшелері – Алматы азаматтық альянсының төрағасы Қайыржан Әбдіхалықов пен эколог, «Ecostan News» бас редакторы Әлия Веделих қатысады. Олар Қазақстандағы жануарларды қорғауға қатысты өзекті мәселелерді талқылап, өңірлік деңгейде күш біріктіру мүмкіндіктерін қарастырады.

Кездесу Азаматтық альянс үйінде (Лермонтов көшесі, 44, «Дипломат» мейрамханасы мен «Sulpak» дүкенінің арасындағы кіреберіс) өтеді.