Павлодарлық студенттер суды үнемдеуге арналған республикалық экосағатқа қатысты

Павлодарлық студенттер суды үнемдеуге арналған республикалық экосағатқа қатысты
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Еліміздің 18 жоғары оқу орнында «Суды үнемде – болашақты сақта!» атты ауқымды экологиялық сағат өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Акция аясында еліміздің түкпір-түкпірінен мыңдаған студент пен мектеп оқушысы су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселелерін талқылады.

Экологиялық шара Павлодар қаласын да айналып өтпеді. Торайғыров университетіндегі кездесуді Су ресурстары және ирригация министрлігі аппаратының басшысы Дәурен Қазантаев өткізді.

Республика бойынша офлайн форматта 4000-нан астам студент жиналды. Сонымен қатар онлайн режимде 120 университет пен колледж, сондай-ақ 700-ге жуық мектеп шәкірттері қосылды. Спикерлер жастарға суды үнемдеудің заманауи тәсілдерін түсіндіріп, экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.

Министрлік өкілдері мен «ҚазСуШар» мекемесінің басшылары Көкшетау, Қарағанды, Қызылорда, Тараз және тағы басқа қалалардағы ЖОО студенттерімен кездесті. Онда су саласындағы өзекті мәселелер мен жаңа технологияларды енгізу жолдары сөз болды.

Бұл шара су тапшылығының алдын алу және өскелең ұрпақты табиғатты аялауға баулу мақсатында ұйымдастырылып отыр. Мамандардың пікірінше, мұндай экосағаттар жастардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға септігін тигізеді.