Алматылықтар Павлодар облысында бір тоннаға жуық балық аулады деген күдікке ілінді
Бұзушылық 15 сәуірде Павлодар облысы аумағында басталған «Уылдырық шашу» жедел алдын алу іс-шарасы барысында тіркелген, деп хабарлайды Рavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, табиғатты қорғау полицейлері кезекті рейдтік іс-шара барысында «Зайсан-Ертіс» балық аулау инспекциясының қызметкерлерімен бірлесіп, Май ауданы Жұмыскер ауылының аумағында Nissan terano маркалы автомашинаны тоқтатты.
– Тексеру кезінде автокөліктің салонында жалпы салмағы 916 келі болатын сазан және мөңке тұқымды балық толы қаптары табылды. Олардың Қарасор көлінде ауланғаны анықталды, – деді Павлодар облысы Май ауданы полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары Жандос Айтмұхамбетов.
Аталған факті бойынша Алматы облысы Қапшағай қаласының 40 жастағы тұрғынына қатысты Қазақстан Республикасы ҚК-нің 335-бабы – «балық ресурстарын және басқа да су жануарлары мен өсімдіктерін заңсыз өндіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Естеріңізге сала кетейік, браконьерлік пен биологиялық ресурстар объектілерінің заңсыз айналымын анықтауға және жолын кесуге бағытталған іс-шара 2023 жылғы 30 мамырға дейін жалғасады.