Павлодарда жол жөндеу жоспарының жартысына жуығы орындалды
Жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі Асайын Байханов қалалар мен аудандардың әкімдерімен жолдарды жөндеу мәселелері бойынша жиналыс өткізді. Биыл бұл бағытқа бюджеттен 27 миллиард теңге бөлінді. Бүгінгі таңда 136 жоба іске асырылуда, 656 км автокөлік жолдары, оның ішінде 82 км құрайтын облыстың 23 ауылының кірме жолдары жөнделуде.
– Қазіргі таңда жоспарланған көлемнің 43%-ы орындалды, 40 учаске толығымен аяқталды. Жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес уақытылы жүргізілуде,- дейді аймақ басшысы Асайын Байханов әлеуметтік желіде.
2024-2025 жылдары аудандардағы барлық кірме жолдар жөнделу қажет – мен әкімдердің алдына осындай міндет қойып отырмын. Олар қажетті жобалау-сметалық құжаттаманы дайындауда.
– Менің тапсырмам бойынша жол активтері сапасының ұлттық орталығы мердігерлердің жұмыстарын тексеруде. Іріктелген 442 асфальт сынамасының 87-сі стандартқа сәйкес емес деп танылды. Орындаушылар анықталған барлық ақауларды кепілдік міндеттемелері бойынша жояды,- дейді облыс әкімі Асайын Байханов.
Сапалы жолдармен, таза ауыз сумен қамтамасыз ету және елді мекендердің көшелерін жарықтандыру – бұл келесі жылдың бюджетін бекіту кезінде басымдық берілетін бағыттар екенін атап өтті Асайын Байханов.
Фото: Валерий Бугаев