Амал мерекесі: Павлодарда аспаздық өнер фестивалі өтті (ФОТО)
Шарада қалалық ардагерлер кеңесі, әзірбайжан, тәжік және татар мәдени орталықтарының өкілдері ұлттық тағамдарын ұсынды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада Амал мерекесін тойлау аясында «Наурыз дастарханы» аспаздық өнер фестивалі өтті.
– Әрбір ұлттың осы күні дайындайтын өзінің дәстүрлі тағамдары бар.Біз бүгінгі фестивальге бауырсақ, ашымаған бауырсақ, ши бауырсақ және тағы басқа бауырсақтың түрлерін дайындап әкелдік, – деді облыстық кітапхана ардагері және ардагерлер кеңесінің төрайымы Қайырманат Батталқызы. – Осындай шаралардың арқасында балалар ұмыт болып бара жатқан ұлттық тағамдарды танып, біле бастайды.
Бұдан бөлек, дастарханға жент, қоспа, балқаймақ, талқан, сары май, құрт пен қымыз қойылды. Ол мұндай тағамдарды мереке сайын үйде дайындау дәстүрге айналғанын айтады.
– Ұлттық тағамдар – кез келген халықтың мәдениетінің құрамдас бөліктерінің бірі. Бұл оның өзіндік ерекшелігін, сипатын, тарихын көрсетеді. Ал көнеден келе жатқан ата-баба дәстүрін таныту – біздің міндетіміз, – деді Павлодар облысы татар-башқұрт қоғамдық-мәдени орталығының мүшесі Райсул Абдулов. – Бұл ұйымда болғаныма 30 жылдан асты. Бүгінде ардагерлерден құралған «Чишма» ансабілінде де тоғыз адам бар. Ұжым мүшелері қалада ұйымдастырылған барлық шараларда белсене атсалысуда.
Айта кетейік, сонымен қатар оқырмандар назарына «Наурыз келді дүниені нұрландырып...» атты кітап пен иллюстрациялық көрме ұсынылды. Онда 100-ден астам түрлі-түсті кітап, альбомдар, энциклопедиялар мен анықтамалар, музыкалық аспаптар, тұрмыстық заттар қойылған.