Павлодар облысында Түгел батырдың жерленген жеріне тағылымды сапар ұйымдастырылды
«KERUENSTORIES: ҰЛЫ ҚАЗАҚ ДАЛАСЫ» жобасы аясында қатысушылар тарихи орындармен танысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ертіс ауданында мәдениет, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен, аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен жүзеге асырылып жатқан «KERUENSTORIES: ҰЛЫ ҚАЗАҚ ДАЛАСЫ» жобасы аясында Түгел батырдың жерленген жеріне тарихи-танымдық сапар өтті.
Сапарға ауданның зиялы қауым өкілдері қатысып, оған Ертіс аудандық орталық кітапханасының директоры Әлия Баязова жетекшілік етті.
Алғашқы аялдама Қызылағаш ауылдық кітапханасы болды. Қонақтарды Сілеті ауылдық округінің әкімі Жеңіс Батырғожинов пен кітапханашы Анар Майкенқызы қарсы алып, ауылдың тарихы, тарихи-мәдени мұрасы және өлкетану бағытындағы жұмыстар туралы әңгімеледі.
Одан кейін қатысушылар Түгел батырдың жерленген қасиетті орнына барып, батыр рухына тағзым етті. Сапар барысында тарихи тұлғаның ел қорғаудағы ерлігі мен өмір жолына қатысты мәліметтер ұсынылды.
Бағдарлама аясында қатысушылар Қызылағаш ауылы маңындағы қарағайлы орманды, Сілеті өзенінің жағасын және күнбағыс алқабын аралап, өңірдің табиғатымен танысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай тарихи-танымдық сапарлар туған жердің қасиетті орындарын насихаттауға, тарихи-мәдени мұраны дәріптеуге және жастардың туған өлкеге деген сүйіспеншілігін арттыруға бағытталған.
Сапарды ұйымдастыруға Ертіс балалар-жасөспірімдер спорт мектебі де қолдау көрсетті.