Павлодарда терезеден қоқыс тастаған жұмысшылар ұсталды
51 жастағы бригадир жауапқа тартылды, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, әлеуметтік желіге мониторинг жүргізу барысында ер адам терезе арқылы құрылыс қоқыстарын лақтырып тастағаны түсірілген видео анықталған.
– Аталған видео бойынша тексеру жүргізілді. Учаскелік полиция инспекторы сауда үйінің бекітілген корпусында жөндеу жұмыстары жүргізілгенін анықтады. Жұмысты жалдамалы жұмысшылар бригадасы жүргізген, олар құрылыс қоқыстарын терезе арқылы шығарған. Бұл бұзушылық бойынша 51 жастағы бригадирге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды, – деді жергілікті полиция қызметінің бастығы Қанат Дүйсекенов.
Сондай-ақ бригаданың қызметкерлерімен мұндай бұзушылықтардың алдын алу және түсіндіру бойынша әңгіме жүргізілді.
Айта кетейік, ағымдағы жылы Павлодар полицейлері қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру ережелерін бұзудың 957 жолын кесті. Барлық құқық бұзушылар ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Естеріңізге сала кетейік, бұл баптың санкциясы жеке тұлғаларға – 20, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 30, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 40, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 100 АЕК мөлшерінде ескерту жасауға немесе айыппұл салуға әкеп соғады.
Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер жеке тұлғаларға – 30, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 40, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 50, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 300 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.