Аса ауыр қылмыс: Павлодарлық курьер есірткі партиясымен ұсталды
Оған халықаралық іздеу жарияланған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Павлодар қаласында есірткінің заңсыз айналымына байланысты аса ауыр қылмыс жасағаны үшін іздеуде жүрген Павлодар қаласының тұрғыны ұсталған.
– 2024 жылдың ақпан айында полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшелерінің қызметкерлері 42 жастағы әйелді қолға түсірген. Оның өзімен бірге қаптамашылар арқылы таратуға дайындалған тыйым салынған заттары болған. Зерттеу нәтижесі жалпы салмағы екі грамм болатын синтетикалық препараттар екенін анықтады. Есірткіден басқа фигуранттан электронды таразы, жеткізушімен хат алмасу үшін пайдаланылатын телефон, сондай-ақ синтетикалық есірткіні өткізуден түскен ақша аударылған банк карталары тәркіленді, – деп хабарлайды Павлодар облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Тимур Қаржаубаев.
Ұсталған адам бір жыл бойы тыйым салынған заттарды таратуға мамандандырылған заңсыз интернет-дүкендердің бірінде жұмыс істегенін, қылмыстық қудалаудан аулақ болуға үміттенгенін және заңсыз әрекеттерді жасырудың әртүрлі әдістерін қолданғанын айтқан.
Тергеу жүргізу кезінде фигурантқа тиісті тәртіп туралы жазылу түріндегі сыртқа шықпау бұлтартпау шарасы тағайындалды, алайда алдын ала тергеу органдарынан жасырынуды жөн көрген. Бұл әрекеті үшін қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын сырттай тағайындаумен іздестірілді.
Қазіргі уақытта есірткі немесе психотроптық заттарды заңсыз дайындағаны, өңдегені, сатып алғаны, сақтағаны, тасымалдағаны, жөнелткені не өткізгені үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Ұсталған адам Павлодар қаласы полиция басқармасы уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.