Ұлы ақынның Ертіс ауданындағы туған жерін не күтеді?
Бұл сауалға аудан әкімі Нығман Жүсіпов жауап берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Урбанизация, яғни ауыл халқының қалаға көшуі – әлемдік процесс. Биыл да Павлодар облысының халқы азайғаны жұртқа мәлім. Осы орайда биыл 125 жылдығы аталып өткен ұлы ақын Иса Байзақовтың туған жері – Үлгілі секілді кішігірім ауылдың тағдыры алаңдаушылық туғызады. Кейбір адамдар оны Иса Байзақов ауылдық округіне бағынуынан Северное ауылына ауыстыру керек деп есептейді.
- Биыл республикалық деңгейде ұлы ақынның 125 жылдығын атап өттік. Осы тойды ұйымдастырушылардың бірі аудан кәсіпкерлері қолдады, оларға рахмет айтқым келеді. Тойды тек демеушілік қаражатқа өткіздік. Үлгілі ауылына келетін болсақ, ол Иса Байзақов ауылдық округіне бағынады, Северноеға қосылмайды. Ол бұрын шешіліп қойған, - дейді әкім.
Нығман Жүсіповтің сөзіне қарағанда, Үлгілі ауылында ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер бар. Халықтың санына келгенде аудан әкімі еліміздің оңтүстік өңірлерінен отандастарымызды көшіруді қарастырып жатқанын айтты.
- Ауылды сақтап қалуға тырысып жатырмыз. Ауылдың болашағы бар: мектеп істеп тұр, медппункт бар, биыл кіре беріс жолын тарттық. Қоныс аударушыларды осы ауылға шоғырландырып елді дамытамыз, - деді Нығман Жүсіпов.
Айта кетейік, оған дейін аудан әкімі Ертіс ауылының қайтадан қала болып жандануы хақындағы сұраққа да жауап берді.
Нығман Жүсіпов урбанизация, яғни халықтың ауылдан қалаға көшуі процесін тоқтату мүмкін еместігін атап өтті. Алайда бұл жағдай да соңғы жылдары тұрақталып келеді. Мәселен, соңғы 2-3 жылда ауданнан жыл сайын 700-1000 адам көшіп отырса, 2024 жылы 511, ал биыл небары 300 адам ұзап кетті.