Асанәлі Әшімов: Біз Павлодарға қонақ емеспіз
Павлодарға М. Әуезов атындғы театр келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
КСРО Халық артисі, Қазақстанның Еңбек Ері, М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов пен театр өкілдері павлодарлық БАҚ өкілдерімен кездесті. Халық артисінің айтуынша, өнер ұжымы Ертіс-Баян өңіріне өз үйіне келгендей зор қуанышпен келеді екен.
– Менің фильмдерімнің біразы осы Павлодарда, Баянауылда түсірілді. Қазақ фильмінің жарты туындысы Баянауылда түсірілді. Сондықтан бұл елді өз елім деп санаймын. Біз мұнда қонақ емеспіз,- дейді Асанәлі Әшімов.
Сонымен қатар, спикерлер 2026 жылы М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының 100 жылдық мерейтойын атап өтетінін айтты. Оған дейін әртістер Қазақстанның барлық өңірлерін аралап шықпақ.
Айта кету керек, М. Әуезов атындағы театр гастрольдік іс-сапарында «Қара», «Мөлдір махаббат», «Еңлік - Кебек», «Сүйікті менің періштем», «Жүз жылдық махаббат» қойылымдарын сахналайтын болады.