Павлодар облысында «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» байқауы аяқталды

Павлодар облысында «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» байқауы аяқталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ауқымды шараның жеңімпазы белгілі болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

 «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» байқауы Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру аясында ұйымдастырылды.

Іс-шараны Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы өткізді. Байқаудың мақсаты – мемлекеттік тілді кеңінен насихаттау, оның қолданылу аясын кеңейту, мәртебесін арттыру, сондай-ақ мемлекеттік тілді еркін меңгерген өзге этнос жастарын қолдау.

Байқау төрт кезеңнен тұрды. Қатысушылар өздерін таныстырып, шығармашылық қабілеттерін көрсетті, қазақтың мақал-мәтелдерін жалғастырды, Отан, ұлттық дәстүрлер мен көрнекті тұлғалар туралы ой-пікірлерін ортаға салды. Сондай-ақ қазылар алқасының сұрақтарына жауап берді.

Байқау қорытындысы бойынша Май ауданының өкілі Аида Чаймарданова үшінші орынды иеленді. Екінші орын Тереңкөл ауданының қатысушысы Дания Мендрышораға бұйырды. Ал бас жүлдені Шарбақты ауданының өкілі Альбина Бекк жеңіп алды.

Енді Альбина Бекк Павлодар облысының атынан байқаудың республикалық кезеңінде өнер көрсетеді.

Байқауға қатысушылардың барлығы Алғыс хаттармен марапатталды. Ал жеңімпаз бен жүлдегерлерге дипломдар мен ақшалай сертификаттар табысталды.