Асайын Байханов ақсулықтарды қос мерекемен құттықтады

Ол ел экономикасының іргетасын нықтауға үлес қосқан тұрғындарға алғыс білдірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аймақ басшысы Асайын Байханов Ақсу қаласының тұрғындарын Қала күнімен және Металлургтер мерекесімен құттықтады.
– Ақсу – ел өнеркәсібінің негізгі тірегі. 64 жыл бұрын іргетасы қаланған бұл қала бүгінде еліміздің өндірістік даңқын аспандатып келе жатқан ірі орталықтардың біріне айналды. Ақсудың шежірелі жолы — маңдай терімен тарих жазған еңбек адамдарының даңқты жолы, – деді облыс әкімі.
Осынау құт мекенде өмір сүріп жатқан әрбір отбасының тағдыры металлургиямен сабақтас. Ақсу ферроқорытпа зауытында жеті мыңға жуық тұрғын аянбай тер төгіп, ел экономикасының іргетасын нықтауға үлес қосуда. Бұл – ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан еңбек дәстүрінің айғағы.
– Қалаға жан бітірген алғашқы құрылысшылар мен инженерлерге, бүгінгі өндірісті өрге сүйреп келе жатқан барша металлургтерге алғыс айтып, бас иемін! Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз, табандылықтарыңыз бен елге деген жанашырлықтарыңыз — нағыз отансүйгіштіктің үлгісі, – деді Асайын Байханов.
Ол ақсулықтарға мықты денсаулық, амандық, еңбектеріне толағай табыс, ал қалаға – гүлдену мен жарқын болашақ тіледі.