Хасар Хабылбеков «Open Pavlodar» фронт-кеңсесінің қызметкерлеріне ескерту жасады
Тұрғындардан өтініштердің тиісті деңгейде қаралмайтынына, ондағы қызметкерлердің дөрекі қарым-қатынасына қатысты шағымдар түскен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Осыған байланысты қала әкімі Кривенко көшесі, 25 мекенжайында орналасқан кеңсеге арнайы барған. Бұл ретте қызметкерлерге облыс әкімі Асайын Байхановтың әрқайсының алдына азаматтардың өтінішін жедел әрі сапалы қарау міндетін қойғанын атап өтті.
– Әрине, күн сайын өтініштердің саны артып келе жатқанын түсінемін. Бірақ бірде-бір өтініш беруші назардан тыс қалмауы керек. Сырғытпа жауаптарға жол берілмеуі тиіс. Азаматтардың өтінішіне бейжай қарайтындар фронт-кеңседе көп бөгелмейді, Азаматтардың өтінішіне бейжай қарайтындар фронт-кеңседе көп бөгелмейді, – деді Хасар Хабылбеков.
Ол қала әкімдігі аппаратының басшысына мемлекеттік қызмет көрсету жұмысына тұрақты негізде мониторинг жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ, халықпен тікелей жұмыс істейтін мамандарға қатысты павлодарлықтардан арыз-шағым түсер болса, тиісті жаза қолданылатынын ескертті.