Асайын Байханов: Наум Шафердің мұрасын сақтау – біздің міндетіміз
Аймақ басшысы Асайын Байханов Шафердің музей-үйінде болып, Наум Григорьевич Шафердің жесірі Наталья Михайловнамен кездесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Наум Григорьевичтің музей үйінде 23 мыңнан астам күйтабақ, оның ішінде 10 мыңға жуық патефон күйтабақтары сақталған. Бірегей туындыларды өмір бойы жинақтаған. Наум Шафердің өсиеті бойынша коллекция Павлодар қаласына беріледі.
– Наум Григорьевич екеуіміз бірлесіп шешім қабылдап, өмір бойы жинаған ең үлкен жұмысын мемлекетімізге тапсырдық. Кезінде көптеген елдер қызығушылық танытып, осынау бірегей жазбаларды алғылары келді, бірақ, ол оған қарсы болды. Коллекция Павлодарда қалуы тиіс. Ол басқаша жасай алмады, өйткені Қазақстанды қатты жақсы көрді, – деді Наталья Капустина.
Асайын Байханов Наум Григорьевичтің мұрасын осы қалпында сақтау туралы айтқан тілегі есінде екенін атап өтті.
– Мұнда барлық кезеңнің және халықтардың ең үздік музыкалық шығармаларының үлгілері жинақталған. Шафер мұражайын бүкіл әлем біледі. Наум Шафердің мұрасын сақтау – біздің міндетіміз, Ұлы гуманистің ісі жалғасуы тиіс, – деді облыс әкімі.
Наум Шафер Молдовада дүниеге келген, балалық шағы Бессарабияда өткен. Содан кейін отбасы Қазақстанға көшіп келген. Композитор былтыр 22 қазан күні қайтыс болды.