Екібастұзда полицейлер балаларға ұмытылмас мереке сыйлады

Екібастұзда полицейлер балаларға ұмытылмас мереке сыйлады
Фото: облыстық ПД ұсынды

Тәртіп сақшылары бүлдіршіндерге жол ережелерін үйретті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

«Назар аударыңыз – балалар!» атты профилактикалық акция аясында Екібастұз қаласының тәртіп сақшылары мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне барып, бүлдіршіндермен жол қозғалысы қауіпсіздігі тақырыбында мазмұнды әрі қызықты кездесулер өткізді.

Балалармен өткен практикалық сабақтарда полицейлер түрлі викториналар, байқаулар мен танымдық әңгімелер арқылы жолда жүру ережелерінің негізгі қағидаларымен таныстырды. Бүлдіршіндер инспекторлардың сұрақтарына қызығушылықпен жауап беріп, күнделікті өмірде жиі кездесетін жол жағдайларында өзін қалай ұстау керек екенін мақтанышпен айтып берді.

– Қаламыздың мектепке дейінгі ұйымдарында жол қауіпсіздігіне қатысты жұмыс белсенді түрде жүргізіліп келеді. Бұл ең алдымен балалардың болашағына бей-жай қарамайтын тәрбиешілердің саналы көзқарасы мен азаматтық белсенділігінің нәтижесі. Бала балабақша қабырғасында алған алғашқы білімінің арқасында мектепке сенімді қадам басады. Ертең сол бала жолда өзін қауіпсіз сезініп, жол ережелерін өз құрдастарына да үйрететініне сенімдіміз, – деді жергілікті полиция қызметінің бастығы Медет Бейсенов. 

Алда келе жатқан жазғы демалыс кезеңін ескере отырып, полиция қызметкерлері барлық ата-аналар мен ересектерді балалардың жолдағы қауіпсіздігіне ерекше мән беруге шақырды.

Тәртіп сақшысы ұқыптылық пен жауапкершілік – балаларға берер ең басты тәрбие деп атап өтті.