Павлодарда жылыту радиаторларын робот құрастырады

Павлодарда жылыту радиаторларын робот құрастырады
Фото: Константин Шелков

Жылына 250-300 мың секция дайындайды, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«СНН» ЖШС 1998 жылы нарықта бәсекеге қабілетті балқытып-құю өндірісін дамыту мақсатында құрылған. 2017 жылы фирма түрлі-түсті металдардан жасалған бұйымдар өндірісі үшін, атап айтқанда, тұрмыстық биметалдық жылыту радиаторларын өндіру және «Frech» маркалы неміс технологиялық желісін сатып алу мақсатында банктен несие алған. 

Биметалды жылыту радиаторларын өндіру жобасы 2022 жылдың желтоқсанында іске қосылды.

Цехтің инженері Ілияс Мурзатаевтың айтуынша, кәсіпорын мемлекет пен «Даму» қорының қолдауымен іске қосылған.

– Германиядан әкелінген робот қондырғысының өндірістік қуаты жылына 250-300 мың секцияны құрайды. Күніне 700-ден астам секция жасай алады. Бірақ машинаның қабілеті әлдеқайда жоғары, – дейді Ілияс Мурзатаев. 

Инжинердің айтуынша, батареялар өндірісіне адамның көп араласуы талап етілмейді. Қондырғыға тек екі адам  қызмет көрсетеді: машинаны іске қосатын және пешке металл салатын оператор және дайын секцияларды әкететін оператор.

Өнімдердің сапасы бағасына сай, яғни өндіріс орнында бірінші кезекте сапаға ерекше көңіл бөлінеді. 

Кәсіпкер  өнімдерді сырлау және механикалық өңдеу бойынша автоматтандырылған желіні сатып алуды жоспарлап отыр. Бұл жылына миллион секциялы алюминий радиаторын шығаруға мүмкіндік береді.