«Астана-Мерей» конкурсының жалғыз Гран-приі Павлодарға бұйырды
12 талантты өнерпаз жүлдемен оралды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар музыкалық колледжінің баспасөз орталығы хабарлағандай, «Астана-Мерей» халықаралық орындаушылар конкурсының дипломанттары атанған жас музыканттар – Роман Седых, Айнара Ақан, Батима Егеубай және Рахымжан Жұмашев – халықаралық сахнада өздерін сенімді түрде көрсете білді.
– Сондай-ақ бірінші дәрежелі лауреаттар – Заурбек Омаржанов, Василий Томских және Аязби Шөлеке ерекше көзге түсті. Олардың өнер көрсетуі жоғары орындаушылық мәдениеттің және кәсібиліктің үлгісі болды, – дейді мамандар. – Екінші орындарды өз таңдаған номинацияларында шеберліктерін сенімді көрсеткен Азиз Салимов, Артур және Тимур Зайкиндер иеленді.
Жетістіктер қоржынын үшінші орындармен Рахат Құрбан мен Думан Дүйсенов толықтырды.
Жеңімпаздарды дайындаған оқытушылар да ерекше алғысқа лайық. Олардың кәсіби қолдауы қатысушылардың өз әлеуетін толық ашуына көмектесті.
– Конкурстың ерекше сәті – жалғыз Гран-придің табысталуы болды. Бұл ең жоғары марапатты «Үрмелі және соқпалы аспаптар» бөлімінің үшінші курс студенті Жасұлан Төрегелді иеленді. Оның керемет трубада орындауы, жарқын музыкалылығы және мінсіз сахналық мәдениеті танымал шеберлерден құралған қазылар алқасын тәнті етті, – деп мәлімдеді оқу орны өкілдері.
Жасұланның жеңісі орындаушының жеке триумфы ғана емес, сонымен қатар Павлодар музыкалық колледжінің жоғары деңгейдегі даярлығын дәлелдейтін маңызды көрсеткіш болды.