Шарбақтыда балабақшада бүлдіршіндердің улануына қатысты тексеріс аяқталды
Кімнің жазаланғаны белгілі болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары Шарбақты ауданының «Балдәурен» бөбекжай-бақшасында «Инфекциялық сипаттағы басқа және нақтыланбаған гастроэнтериттер және колиттер» бойынша жеті жағдайдың тіркелуіне байланысты жүргізілген эпидемиологиялық зерттеу қорытындысын шығарды.
Ауруханаға жатқызылған үш балада дизентерия топ пен сальмонеллез анықталмады. Алдын ала қойылған «Инфекциялық сипаттағы басқа және нақтыланбаған гастроэнтериттер мен колиттер» диагнозы расталмай, түпкілікті диагноз қойылды: бір балаға «Ротавирустық энтерит, ықтимал жағдай», екі балаға «Ротавирустық энтерит». Балалар 14 қарашада үйге жіберілді.
Амбулаториялық ем алған төрт науқаста да дизентерия тобы мен сальмонеллезге жүргізілген зертханалық зерттеулер нәтижесі теріс болды. Оларға «Нақтыланбаған ас қорыту функциясының бұзылуы» түпкілікті диагнозы қойылды.
ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті мемлекеттік органына тексеру жүргізілгені туралы хабарлама жолданып, нысанға шығу арқылы тергеп-тексеру жүргізілді.
Балабақшаға жүргізілген тексеру барысында тамақ өнімдерін сақтау шарттарының бұзылуы, кесу-тағам дайындау жабдықтарының таңбалануының сақталмауы, дезинфекциялық режимнің бұзылуы, медициналық тексерулердің уақытылы өтпеуі сияқты санитариялық нормалардың бұзылуы анықталды. Медициналық тексеруден уақытылы өтпеген қызметкерлерге қатысты оларды уақытша жұмыстан шеттету жөнінде жедел әрекет ету шаралары қабылданды.
Нәтижесінде лауазымды тұлғаға, яғни балабақша басшысына ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылып, 314 560 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Еске сала кетейік, қарашада әлеуметтік желіде «Балдәурен» бөбекжай-бақшасында балалар уланғаны туралы ақпарат жарияланып, тексеріс ашылған болатын.