«Астана – Павлодар» автомобиль жолында жылдамдық режимі уақытша төмендетіледі

«Астана – Павлодар» автомобиль жолында жылдамдық режимі уақытша төмендетіледі
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өзгерістер 9 ақпаннан бастап күшіне енеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Қыс мезгілінде ауа райының қолайсыздығына байланысты жол-көлік оқиғаларының көбеюіне орай, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жылдамдық режимін уақытша төмендету туралы шешім қабылдады.

Аталған шешімге сәйкес, 9 ақпан күні сағат 00:00-ден бастап «Астана – Павлодар» автомобиль жолында көлік құралдары үшін белгіленген ең жоғары жылдамдық сағатына 140 шақырымнан сағатына 110 шақырымға дейін төмендетіледі. Бұл шектеу қысқы кезеңде қолданылады және уақытша сипатқа ие.

Қабылданған шара жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға, апаттылық деңгейін төмендетуге, сондай-ақ көктайғақ, қар басу және көріну деңгейінің төмендеуі сияқты қолайсыз метеорологиялық факторлардан туындайтын тәуекелдерді азайтуға бағытталған.

Көктемгі-жазғы кезең басталғаннан кейін жолдың техникалық және климаттық жағдайына қарай бұрын белгіленген жылдамдық режимін қалпына келтіру жоспарланып отыр.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы жүргізушілерді белгіленген жылдамдық режимін, жол белгілерінің талаптарын және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, сондай-ақ қыс мезгілінде жолда аса мұқият болуға шақырады.