Павлодар облысында 20 ауыл алкогольден бас тартты

Павлодар облысында 20 ауыл алкогольден бас тартты
Константин Шелковтың иллюстрациялық суреті

Дүкен сөрелерінде ішімдіктің барлық түрі алынып тасталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңірде алкоголь өнімдерін сатудан өз еркімен бас тартқан елді мекендердің саны артып келеді. Қазіргі таңда облыста 20 ауыл алкогольден толықтай бас тартқаны белгілі болды. Мәселен, Екібастұз қаласына қарасты 15 ауыл, Ақсу қаласы мен Баянауыл ауданында екі ауылдан, сондай-ақ Тереңкөл ауданында бір ауылда алкоголь өнімдерін өткізуге тыйым салынған. Аталған елді мекендердегі барлық дүкендерде алкоголь өнімдері сатылмайды.

– Бұл ауылдар жасалған меморандумдарға сәйкес алкоголь өнімдерін тұтынудан түбегейлі бас тартты. Мұндай шешімдер ауыл ақсақалдары мен қоғам өкілдері қатысатын кеңестерде қабылданады. Кеңес құрамына елге сыйлы азаматтар мен ақсақалдар, ауылдық округ әкімдері және учаскелік полиция инспекторы кіреді. Тұрғындардың алкогольден бас тартуы қылмыстың болмауына, құқық бұзушылықтар мен отбасылық жанжалдардың алдын алуға ықпал етеді. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде соңғы жылдары аталған ауылдарда бірде-бір қылмыс тіркелген жоқ, – деді облыстық полиция департаментінің қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Күркебаев.

Аталған ауылдардың тұрғындары да алкогольден бас тартудың арқасында өздерін қауіпсіз әрі жайлы сезінетіндерін, елді мекендерде тәртіп пен тыныштық орнағанын атап өтуде.

Полиция қызметкерлері алдағы уақытта мұндай ауылдардың саны арта түседі деп үміттенеді. Құқық қорғау органдары қылмыссыз қоғам қалыптастыру бағытындағы жұмысты жалғастыруда.